Финалдың нәтижелері

2016 жылдың ең ақылды оқушысы анықталды

2 желтоқсан күні Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғарғы сыныптар арасында өткен республикалық онлайн турнирінің қорытындысы шығарылды.

Турнирдің мақсаты: дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға атсалысу, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.



«Кім білгіш?» ойыны —  мобильді қосымша  арқылы онлайн өткізілетін интеллектуалды сайыс. Ойын спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 20 000 астам сұрақтардан тұрады. Турнирге еліміздің барлық аймақтарынан 1500 астам оқушы қатысты. Ойын барысында қатысушылар таңдаған тақырыптар бойынша сұрақтарға аз уақыт ішінде жауап беріп отырды. Екі тур қорытындысы бойынша ең үздік жалпы нәтиже көрсеткен қатысушылар финалға өтті. Астанада өткен қорытынды сайысқа 10 ойыншы қатысты, олардың ішінен 5 оқушы қазақ тілінде және  5 оқушы орыс тілінде ойнады.

Осылайша қазақ тілінде өткен сайыста 1 орынды Шымкент қ. ФМБ НЗМ 9-сынып оқушысы Ақжол Ернұр жеңіп алып, 2 орынға Актобе облысы, Темір ауданы Кеңқия орта мектебінің 9-сынып оқушысы Байбақты Ерназ және 3 жүлделі орынға  Шымкент қ. ФМБ НЗМ 9-сынып оқушысы Лесов Еламан ие болды.



Орыс тіліндегі ойыншылардан 1 орынды Павлодар облысы, Ақсу қаласы 14 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Корчагин Данил жеңіп алып, 2 орынға Семей қ. Білім Инновациялық лицейінің 11-сынып оқушысы Кеңесбаев Қайдар және 3 жүлделі орынға  Павлодар облысы, Ақсу қаласы 14 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Карепов Илья ие болды.

Жүлдегерлер дипломдар мен бағалы сыйлықтармен: ноутбуктар, планшеттер және смартфондармен марапатталды. Финалды турдың қалған қатысушылары: Шымкент қ. ФМБ НЗМ 9-сынып оқушысы Мүсәлі Айжігіт, Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданы, Аманкелді орта мектебінің 10 сынып оқушысы Жаров Бауыржан, ФМБ НЗМ 10 сынып оқушысы Маханова Айя,  ФМБ НЗМ 10 сынып оқушысы Жолдасова Назерке дипломдар мен басқа да бағалы сыйлықтарға ие болды.

Іс-шара аяғында жеңімпаздар турнир ұйымдастырушыларына алғыс айтып, келесі жылы жазғы демалыста жоспарланған екінші турнирге қатысуға ниеттерін білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2017 жылы «Кім білгіш?» ойыны ағылшын тілінде де қол жетімді болмақ.